Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында 7 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, олардың мыңға жуығы – офицерлер, ал 6 мыңнан астамы келісімшарт бойынша әскери қызметшілер. Сонымен қатар 11 әйел басшылық лауазымдарды атқарады.
Әйел әскери қызметшілер Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінде қызмет етеді. Олар әскери медицина, психология, қаржы, заң, байланыс, кадр жұмысы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, іс жүргізу және ақпараттық технологиялар салаларында еңбек етеді.
Сонымен қатар олар жауынгерлік қамтамасыз ету бөлімшелерінде қызмет атқарып, штаб офицері, нұсқаушы, ұшқыш, мерген және арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшісі сияқты мамандықтарды меңгерген. Әйелдер парашютпен секіріп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырып, басқарып, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге қатысады.
Қыз-келіншектер үшін әскери білім алуға да мүмкіндік қарастырылған. 2002 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтында алғаш рет «Байланыс» мамандығы бойынша әйел мамандар даярланды. Олардың көпшілігі бүгінде әскери қызметін жалғастырып, жоғары офицерлік шендерге, оның ішінде полковник атағына дейін көтерілді.
2023 жылдан бастап екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты әскери-медициналық факультетке қыздарды қабылдап келеді. Оқуды аяқтаған түлектерге алғашқы офицерлік «лейтенант» атағы беріліп, олар Қарулы күштер қатарындағы қызметін жалғастырады.
Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамада әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру қарастырылмағанын және мұндай норманы енгізу мәселесі қазіргі таңда қарастырылып жатпағанын атап өтті.
Источник: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі