Қазақстанда AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы және өнеркәсіп салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарламаның екінші кезеңінде еліміздің 105 жоғары оқу орнынан 87 мыңнан астам студент пен 1,5 мыңнан астам куратор білім алуда. Осы уақыт ішінде қатысушылар ұлттық компаниялар мен экономиканың басым салаларына арналған 442 жасанды интеллект жобасын әзірледі.
Жобалардың ең көбі білім беру саласына тиесілі. Қазіргі таңда оқыту сапасын арттыруға, білім беру үдерісін жекелендіруге және әкімшілік жұмыстарды автоматтандыруға бағытталған 188 ЖИ-шешім әзірленген. Министрліктің мәліметінше, бұл жоғары оқу орындарының маман даярлайтын орталық қана емес, өз технологиялық өнімдерін әзірлейтін алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Табысты жобалардың бірі – Ұлттық тестілеу орталығының AI-Talapker чат-боты. Ол талапкерлерге ҰБТ мен жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша кеңес береді. Бүгінде жүйе 69 мыңнан астам өтінішті өңдеп, мамандарға түсетін жүктемені едәуір азайтқан.
Тағы бір мысал – Satbayev University әзірлеген AI-прокторинг жүйесі. Онлайн тестілеу кезінде академиялық адалдықты қамтамасыз ететін бұл шешім қазір Қазақстаннан тыс жерлерде де қолданылып келеді. Оның пайдаланушыларының саны 180 мыңнан асты.
Сонымен қатар еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында басқа да ЖИ-платформалар дамып келеді. AlmaU университетінде OquLabs, Қарағанды индустриялық университетінде Smart Bots, Қостанай өңірлік университетінде AI-Mektep, ал М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Auezov AI First платформалары енгізілуде. Бұл жүйелер білім беру, әкімшілік және талдау үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның тағы бір бағыты – жасанды интеллектіні ғылыми қызметке енгізу. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми жобаларға берілетін өтінімдерді автоматты түрде тексеретін жүйе мен Ұлттық ғылыми кеңес мүшелеріне арналған AI-көмекші әзірленіп жатыр.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, мұндай жобалардың басым бөлігін студенттердің өздері әзірлеуде. Болашақта үздік жобалар акселерациялық бағдарламалардан өтіп, инвестиция тартып, дербес технологиялық өнім ретінде нарыққа шығуға мүмкіндік алады.
Источник: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі