Қазақстанда халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту және рейстер санын арттыру жұмыстары жалғасуда. Осы аяда FlyArystan әуе компаниясы Қытай мен Қырғызстанға жаңа халықаралық рейстерді іске қосты, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
26 маусымнан бастап әуе компаниясы Ақтау – Үрімші бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастады. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Airbus A320 ұшақтарымен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ 3 шілдеден бастап Астана – Ыстықкөл бағыты бойынша жаңа тұрақты рейстер іске қосылды. Бұл бағыттағы рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері Airbus A320 әуе кемелерімен орындалады.
ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа халықаралық рейстердің іске қосылуы Қазақстанның Қытай және Қырғызстанмен сауда-экономикалық, іскерлік, туристік және гуманитарлық байланыстарын нығайтуға, сондай-ақ жолаушылар үшін халықаралық сапар мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі