Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту үшін «70/30» моделі бойынша жеке инвестиция тарту тетігін пысықтап жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл жобаның құқықтық негізі телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту туралы заң аясында қалыптасты. Құжатқа сәйкес деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық нысандар қатарына енгізілді. Бұл генерациялау қуаттарын жаңғыртуға деректерді өңдеу орталықтарының операторлары мен цифрлық майнерлердің қатысуымен жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
«70/30» моделі бойынша жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту немесе кеңейту кезінде қосымша өндірілетін электр қуатының 70%-ы деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық майнерлер сияқты ірі тұтынушыларға тікелей беріледі. Ал қалған 30%-ы елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту және электр энергиясына сұранысты қамтамасыз ету үшін Бірыңғай электр энергетикалық жүйеге бағытталады.
Министрліктің мәліметінше, бұл тәсіл жеке капитал тартуға, қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртуға, энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға және жоғары технологиялық салалардың дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инвестициялық шығындар халыққа арналған тарифтерге енгізілмейді.
Ведомствоның мәліметінше, бұл механизм халықаралық инвесторлардың қызығушылығын тудырған. Қазіргі уақытта «70/30» моделі аясында Екібастұз жылу электр орталығын жаңғырту және кеңейту жобасы қарастырылып жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, техникалық зерттеу жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Қазір ұйымдастырушылық, техникалық және инвестициялық мәселелерді пысықтау жалғасуда.
Источник: Жасанды интеллект