ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. 25 маусымдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен шамамен 228 мың адам қамтылды, оның ішінде 85 мыңы – жастар. Жоспарланған 3,1 млн сапалы жұмыс орнының бүгінде 2,9 миллионы қамтамасыз етілген.
Министрдің айтуынша, мансап орталықтары «бэк-офис» моделінен «фронт-офис» форматына көшеді. Негізгі басымдық бейресми жұмыспен қамтуды анықтауға, азаматтарды атаулы сүйемелдеуге және оларды тұрақты жұмыс орындарына орналастыруға беріледі.
Сонымен қатар Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа моделі енгізіледі. Платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыру, «Күміс жас» жобасын іске асыру, кәсіптік оқыту жүйесін жетілдіру және цифрлық шешімдерді енгізу жалғасады. Шілде айында Маңғыстау және Павлодар облыстарында жасанды интеллект технологияларын қолданатын «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жобасы іске қосылады.
Министр әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге де тоқталды. Бұл бағытта отбасылардың мұқтаждық деңгейін кешенді бағалау, цифрлық сервистерді дамыту және eGov Mobile платформасында үй шаруашылықтарының цифрлық бейіндерін қалыптастыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Бірыңғай цифрлық платформа аясында жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 қолдау шарасын ұсыну автоматтандырылды. Жыл соңына дейін қызметтерді eGov Mobile арқылы алу мүмкіндігі кеңейтіліп, бірқатар қағаз анықтамалар алынып тасталып, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары «Әлеуметтік әмиянда» көрсетіледі.
Источник: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі