Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинмен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар су саласындағы ынтымақтастықты дамыту және кадр даярлау мәселелерін талқылады. Осы жылдың қыркүйегінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Солтүстік Қытай су ресурстары және гидроэнергетика университетімен бірлескен білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қазақстандық студенттерге Қытайдың аталған жоғары оқу орнында білім алуға гранттар бөлу мәселесі пысықталуда.
Сондай-ақ Тараз қаласында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжімен бірлескен оқу орталығын ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, биыл мамыр айында қазақстандық су шаруашылығы саласы мамандарының алғашқы легі Қытайға су ресурстарын басқару жүйелері мен су нысандарын кешенді сауықтыру технологиялары бойынша тәжірибе алмасуға барған. Жыл соңына дейін Қытайда шамамен 200 қазақстандық маман оқудан өтеді. Барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алады.
Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов пен Хань Чуньлин қытайлық компаниялардың Қазақстандағы су инфрақұрылымы жобаларын іске асыруға қатысу мүмкіндігін және трансшекаралық су ресурстарын бөлу жөніндегі келіссөздердің барысын талқылады.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі