Қазақстандық Шығыс түсті металдар ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия институтының (ВНИИцветмет) мамандары «Өзбекгеологоразведка» АҚ Орталық зертханасы мен Самарқанд қаласындағы Аналитикалық зертханалық кешеннің жұмысымен танысты, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар минералдық шикізатты зерттеу, кендер мен оларды байыту өнімдерін сынау, зертханалардың біліктілікті тексеру бағдарламаларына қатысуы және заманауи аналитикалық әдістерді қолдану мәселелерін талқылады.
Қазақстандық мамандар минералдық шикізатты зертханалық зерттеу, сынақ әдістемелерін әзірлеу және қолдану, стандартты үлгілермен жұмыс істеу, сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің дәлдігін қамтамасыз ету бағытындағы ВНИИцветметтің тәжірибесімен бөлісті.
ВНИИцветмет филиалының қолданбалы зерттеулер және сынақтар жөніндегі директордың орынбасары Лариса Кушакованың айтуынша, мұндай кәсіби тәжірибе алмасу жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге, ішкі үдерістерді жетілдіруге және сапа менеджменті жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.
ВНИИцветмет сынақ орталығы – геология, тау-кен ісі және металлургия салаларына арналған сынақ әдістемелерін әзірлейтін және енгізетін аккредиттелген зертханалық база. Мұнда шикізат пен өнеркәсіптік өнімнің сапасын бақылауға, талдау нәтижелерінің дәлдігін тексеруге, жабдықтарды калибрлеуге және Қазақстан мен көршілес елдердің кәсіпорындарында қолданылатын әдістемелерді метрологиялық аттестаттауға арналған стандартты үлгілер әзірленеді.
Источник: Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі