Қызылорда облысында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Қазалы теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Вокзал Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан елдегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында қайта жаңартылды. Бұл жоба Тәуелсіздік жылдарындағы вокзал инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі саналады.
Жаңғырту барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жаңартылып, инженерлік желілер, жылыту, сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылды. Сонымен қатар жолаушыларға арналған заманауи күту аймақтары жасалып, навигация жүйесі жетілдірілді және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар қарастырылды.
Қазалы теміржол вокзалы Қызылорда облысының негізгі көлік нысандарының бірі болып саналады. Ол өңірдің еліміздің басқа аймақтарымен жолаушылар қатынасын қамтамасыз етеді. Жаңарту нәтижесінде қызмет көрсету сапасы жақсарып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Бағдарлама аясында Қызылорда облысында жалпы 10 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Бұған дейін Жаңақорған және Шиелі вокзалдары, сондай-ақ Талап жолаушылар платформасы пайдалануға берілген болатын. Қазалы вокзалының ашылуы өңірдің теміржол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарының кезекті кезеңі болды.
Источник: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі