ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына энергетика нысандарының дайындығын тексерді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапары Шахтинск жылу электр орталығынан басталды. Биыл мұнда екі қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізілуде. Комитет төрағасы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, алдағы жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін оларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Одан кейін Ержан Ертаев Саран қаласының қазандық кешеніне барып, жылу көзінің қысқы кезеңге дайындығын тексерді. Сондай-ақ қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі, жөндеу бағдарламасының орындалуы және жабдықтардың ең жоғары қысқы жүктемелерге әзірлігі қаралды.
Қарағандыдағы ЖЭО-3-те комитет төрағасы жөндеу науқанының барысымен және станцияны кеңейту жобасының жүзеге асырылуымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда жаңа қазандық агрегаты мен турбоагрегат салынуда. Жоба аяқталғаннан кейін станцияның электр қуаты 140 МВт-қа, ал жылу қуаты 180 Гкал/сағатқа артады. Сонымен қатар бір қазандық агрегаты мен бір турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Жұмыс сапары барысында комитет төрағасы биыл пайдалануға берілген «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің 110/10 кВ «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясында болды. Бұл нысан Қарағанды қаласының ірі аудандарының бірін сенімді электрмен қамтамасыз етіп, жаңа тұтынушыларды қосуға қажетті қуат резервін қалыптастырады.
Сондай-ақ Теміртау қаласында МЭКС ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан ТМ-3 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстарының барысы тексерілді. Жалпы ұзындығы 4,1 шақырымды құрайтын нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының 60%-ы аяқталған. Ержан Ертаев мердігер ұйымға бекітілген кестені қатаң сақтап, жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Жұмыс сапары аясында ерекше бақылауда тұрған ГРЭС-1 станциясындағы жөндеу бағдарламасының орындалуы да қаралды. Комитет төрағасы жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындауды, олардың қарқынын күшейтуді, материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдыруды және барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Источник: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі