Солтүстік Қазақстан облысында Саумалкөл және Жаңаесіл теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты. Оның айтуынша, жүргізілген жұмыстар вокзалдардың инфрақұрылымын жаңартып, қауіпсіздік деңгейі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берген.
Вице-министр жаңартылған вокзалдар өңірдің көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, халықтың ұтқырлығын арттыруға және жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.
Бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысында үш теміржол вокзалын жаңғырту жоспарланған. Соның екеуі – Саумалкөл мен Жаңаесіл вокзалдары – қайта жаңартудан кейін пайдалануға берілді. Бұл вокзалдар өңірдің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Вокзалдарды жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде. Министрліктің мәліметінше, бұл – Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарындағы вокзал инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ең ірі жобалардың бірі. Іс-шара соңында вице-министр жобаны іске асыруға атсалысқан мамандар мен барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
Источник: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі