Павлодардағы Toraighyrov University студенттері Алматыда өткен AFM AI Hackathon 2026 байқауында жүлделі орын иеленді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған хакатонға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам студент, жас зерттеуші және жасанды интеллект пен ақпараттық қауіпсіздік саласының әзірлеушілері қатысты. Қатысушылар деректерді талдау, киберқауіпсіздікті күшейту және жасанды интеллектті түрлі салаларда қолдануға арналған технологиялық шешімдерін ұсынды.
Байқау қорытындысында Toraighyrov University командасы ІІ орынға ие болды. Студенттер жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, деректерді талдау мен қорғауға арналған серверлік қосымшаны таныстырды. Сарапшылар жобаның тәжірибелік маңызын жоғары бағалап, оның заманауи әрі тиімді шешім ұсынатынын атап өтті.
Министрліктің мәліметінше, мұндай жарыстар студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға, цифрлық технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға және ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық трансформация бағытындағы нақты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
AFM AI Hackathon дарынды жастарды қолдауға және олардың инновациялық жобаларын дамытуға бағытталған маңызды алаңдардың бірі саналады. Осындай бастамалар еліміздегі технологиялық экожүйенің дамуына серпін беріп, жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашады.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі