ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді тағайындау және тоқтату тәртібіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Министрлік жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленетінін еске салды. Бұл төлемдер бала бір жарым жасқа толғанға дейін беріледі және осы кезеңде алушының жұмысқа орналасуына қарамастан сақталады.
Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер қарастырылған.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, мұндай төлемдерді тоқтату тек алушының жұмысқа шығуына байланысты өз еркімен берген өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады.
Сондай-ақ ведомство бұл тәртіптің бұрыннан қолданыста екенін және ресми жұмысқа орналасудың барлық түріне қатысты екенін атап өтті. Курьерлік қызметте жұмыс істеу әлеуметтік төлемдерді тоқтатуға жеке негіз болып саналмайды және заңнамадағы қандай да бір жаңа өзгерістермен байланысты емес.
Источник: Pixabay