Алматы және Жамбыл облыстарындағы сел қаупі бар таулы аумақтарда маусымдық бақылау бекеттері іске қосылады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
2026 жылғы 15 маусымнан бастап «Қазселденқорғау» мамандары Іле Алатауының солтүстік беткейінде, сондай-ақ Меркі және Аспара өзендері бассейндеріндегі Қырғыз жотасында бақылау бекеттерін орналастыру жұмыстарын бастады.
Маусымдық бекеттер теңіз деңгейінен 2000–3000 метр биіктіктегі сел қаупі жоғары аумақтарда орналасады. Олар байланыс құралдарымен, гидрометеорологиялық аспаптармен және бақылау жұмыстарын үздіксіз жүргізуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Қызметкерлер мен қажетті техникаларды жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы мен арнайы көліктер пайдаланылады.
Министрліктің мәліметінше, бақылау бекеттері гидрометеорологиялық және сел жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға және ақпаратты жедел қызметтерге уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.
Маусымдық бақылау жұмыстары 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл шаралар сел қаупі бар аумақтардағы халықтың, инфрақұрылым нысандарының және елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Источник: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі