Ақмола облысында тауық жұмыртқасын терең өңдеуге арналған жаңа өндірістік кешен іске қосылмақ, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
«Kaz Eggs» серіктестігі жүзеге асыратын жобаның өндірістік қуаты тәулігіне 1 миллион жұмыртқаны өңдеуге есептелген. Кәсіпорын Целиноград ауданының Ақмол ауылында орналасады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 30 млрд теңгені құрайды. Өндірісті іске қосу келесі жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Министрліктің мәліметінше, бұл бастама отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі басым бағыттардың бірі саналады. Осыған байланысты заманауи өндірістерді дамытуға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіліп келеді.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі