Қазақстан Президенті педагогтердің құқықтық қорғалуын күшейтуге және білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды Naizanews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Түзетулер Мемлекет басшысының 2025 жылғы педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Құжат мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтуды және олардың кәсіби құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін енгізуді көздейді.
Жаңа нормаларға сәйкес, педагогтер мен білім беру ұйымдары басшыларының оқушылар үшін жауапкершілігі білім беру процесі жүретін уақытпен шектеледі. Сонымен қатар балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі нақтыланды.
Заң педагогтерден заңнамада көзделмеген есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салады. Сондай-ақ бір құжатты қатарынан қағаз және электронды форматта жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Жекелеген түзетулер мектептерде ұялы телефондарды пайдалануға қатысты. Енді Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың мобильді құрылғыларды пайдалану тәртібін бекітетін болады.
Құжатта академиялық адалдық ұғымы енгізіліп, психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет ететін балаларды қолдау шаралары кеңейтілген. Сонымен қатар WorldSkills халықаралық жарыстарының жеңімпаздары ҰБТ тапсырмай-ақ бейіндік бағыттар бойынша жоғары оқу орындарына түсе алады.
Источник: Aqorda