Қазақстанда мектеп спортын дамытуға бағытталған «Мектеп күрес лигасы» жобасы іске асырылуда. Осы бастама аясында Астанадағы №114 мектепке күрес спортына арналған арнайы жабдықтар табысталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстан күрес федерациясының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, күрес спортын кеңінен насихаттау.
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов және спорт саласының өкілдері қатысты.
Жоба аясында №114 мектептің спорт залы стационарлық күрес кілемімен жабдықталды. Жаңа құрал-жабдықтар оқушыларға қолайлы жаттығу жағдайын жасап, күреспен шұғылданушылардың қатарын арттыруға мүмкіндік береді.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту және оларды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға тарту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Министр күрестің ұлттық тарихпен сабақтасып жатқанын және оның жас ұрпақты батылдыққа, тәртіпке әрі табандылыққа тәрбиелейтінін атап өтті.
Іс-шара барысында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды. Құжат Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) ұйымының қолдауымен «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасын іске асыруды, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытуды, сондай-ақ мамандарға арналған семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын өткізуді көздейді.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жоба мектептердегі бұқаралық спортты дамытуға, күрес түрлерінің қолжетімділігін арттыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Источник: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі