Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқару жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіп жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жаңа технологияларды күнделікті жұмысқа бейімдеу, қызметкерлердің қажетті құзыреттерін дамыту және тиімді цифрлық шешімдерді мемлекеттік секторда қолдану бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде министрлік қызметкерлері Ұлттық жасанды интеллект платформасын пайдаланып, мемлекеттік қызметшілерге арналған Alem-Workspace бірыңғай цифрлық жұмыс кеңістігінің мүмкіндіктерін сынақтан өткізуде. Сонымен қатар жұмыс процестерін оңтайландыруға арналған ЖИ-агенттер әзірленіп, қызметкерлер вайб-кодинг бойынша білім алуда. Бұл бастамаға министрлікке қарасты ұйымдардың мамандары да қатысып жатыр.
Министрлікте жасанды интеллект құралдарын пайдалану, жұмыс процестерін автоматтандыру және деректерге негізделген басқару тәсілдерін енгізу біртіндеп күнделікті қызметтің маңызды бөлігіне айналуда. Ерекше назар ақпаратты тиімді талдау мен басқарушылық шешімдерді қабылдауда data-driven қағидаттарын қолдануға аударылған.
Оқыту бағдарламасын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Цифрлық үкіметті қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырған. Бағдарлама теориялық дайындықты тәжірибелік сабақтармен ұштастырып, мемлекеттік қызметте жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға бағытталған.
Бағдарлама аясында қызметкерлер құжаттарды өңдеу, талдамалық материалдар әзірлеу, үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеу және ішкі цифрлық сервистерді әзірлеу дағдыларын меңгеруде. Сонымен қатар деректерге сүйене отырып шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілуде.
Оқытудың маңызды бағыттарының бірі – вайб-кодинг. Бұл тәсіл бағдарламалау саласында терең білімді қажет етпей-ақ, мәтіндік тапсырмалар арқылы цифрлық өнімдердің прототиптерін жасауға мүмкіндік береді. Қатысушылар чат-боттар, веб-сайттар, талдау дашбордтары және ішкі сервистер әзірлеуді тәжірибе жүзінде меңгеріп жатыр.
Министрлікте жасанды интеллект көмекшілерінің экожүйесін қалыптастыру жұмыстары да жүргізілуде. Олар талдамалық анықтамалар дайындау, үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеу, салыстырмалы кестелер құру және басқа да күнделікті міндеттерді автоматтандыру үшін қолданылмақ.
Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты қызметкерлерді заманауи технологиялармен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар деректерге негізделген жаңа жұмыс мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Оның пікірінше, жасанды интеллект күнделікті жұмыс жүктемесін азайтып, талдау сапасын арттыруға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар министрлікте орта буын басшыларына арналған Leadership Program іске қосылады. Алдағы уақытта ведомство AI-Driven басқару моделіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл бақылау тапсырмаларына жауап әзірлеу, нормативтік құқықтық актілерді салыстыру және басшылыққа арналған материалдарды дайындау сияқты жұмыстарға арналған ЖИ-ассистенттерді енгізуді қамтиды.
Министрліктің мәліметінше, оқыту бағдарламасы әртүрлі құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлерін қамтиды. Ал жинақталған тәжірибе мен тиімді шешімдерді болашақта мемлекеттік аппараттың басқа салаларына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі