Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Қ.Аманжолов атындағы №22 жалпы білім беретін мектептің түлегі Нұрәлі Медина Бектұрсынқызы әлемнің жетекші университеттерінен 80-нен астам ұсыныс алып, жоғары білім саласындағы елеулі жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Талапкерге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропа елдеріндегі бірқатар беделді жоғары оқу орындары оқу мүмкіндіктерін ұсынған. Университеттер оның оқу үлгерімін, көшбасшылық қабілетін және қоғамдық белсенділігін жоғары бағалаған.
Нұрәлі Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, шетелдік университеттерге түсуге қажетті академиялық дайындық деңгейін көрсетті.
Мектеп қабырғасында ол ғылыми-зерттеу, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысып, түрлі байқауларда жоғары нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда, ағылшын тілі пәні бойынша өткен республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда бірінші орын алып, республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанған.
Қазіргі таңда мектеп түлегі өзіне ұсынылған көптеген мүмкіндіктің арасынан Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниетті. Ол халықаралық деңгейде сапалы білім алып, болашақта жинақтаған тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етеді.
Мамандардың пікірінше, мұндай жетістіктер қазақстандық оқушылардың халықаралық білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі