Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанада өткен салтанатты рәсім барысында еліміздің әскери және арнаулы жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне алғашқы офицерлік шендер табысталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысты. Осы күні үздік түлектерге алғашқы офицерлік және арнайы шендер беру рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының түлегі Диас Талғатұлына «азаматтық қорғау аға лейтенанты» арнайы шенін табыс етті.
Биыл Академия тарихында алғаш рет оқу орнын үздік аяқтаған түлектерге диплом алғаннан кейін бірден «азаматтық қорғау аға лейтенанты» арнайы шені берілді.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жас офицерлерге лейтенанттық погондарды табыстады. Алғашқы офицерлік шендерді Әліби Рүстамұлы, Әділ Әзімжан, Төрекелді Төлеш, Рүстем Оразбай, Нұралы Көпесов және Қуаныш Әбутәліп иеленді.
Жас мамандар үшін маңызды сәтті бөлісуге олардың ата-аналары мен жақындары арнайы келді. Олар түлектердің өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына куә болды.
Академия түлектері алдағы уақытта Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі азаматтық қорғау органдарының бөлімшелерінде қызметін жалғастырады.
Источник: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі