Эколог күні қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздегі экологиялық бастамалардың жүзеге асырылу барысы мен негізгі көрсеткіштері таныстырылды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік өкілдері «Таза Қазақстан» акциясының нәтижелері, заңсыз қоқыс үйінділерін жою, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, экологиялық ағарту және экотуризмді дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық сананы дамытуға бағытталған.
Жыл басынан бері республика бойынша 884 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 196-сы жойылды. Ең көп қоқыс үйіндісі Абай облысында – 137, Қостанай облысында – 113 және Ұлытау облысында – 100 тіркелген.
Министрлік, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде заңсыз қоқыс орындарының санын азайту бойынша жүйелі шаралар жалғасуда.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 844 мың тонна қалдық жиналып, 1,1 млн гектар аумақ тазартылды. Экологиялық іс-шараларға 6,9 млн адам қатысты. Сонымен қатар World Clean-up Day акциясына 356,2 мың адам, ал «Парктер шеруі» шараларына 218,4 мың адам жұмылдырылды.
Министрлік экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Бұл іске блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары мен жастар белсенді түрде тартылуда. Азаматтардың өтініштерін қабылдайтын «@TazaQazBot» чат-боты да жұмысын жалғастырып келеді.
Брифинг барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы көрсеткіштер де таныстырылды. Қазақстанда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі, оның 30%-ы сұрыпталып, қайта өңделеді.
«Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері іске асырылып, кәсіпорындарға қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсетілуде.
Сондай-ақ екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан «Экоқолдау» бағдарламасы аясында 92 келісімшарт жасалған. Оның ішінде 62-сі қалдық жинаушылармен, 20-сы қайта өңдеушілермен және 10-ы толық циклді кәсіпорындармен рәсімделген.
Брифингте экологиялық туризмді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Егер 2019 жылы ұлттық парктерге 1,3 млн адам барған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 млн адамға жеткен. Ал 2025 жылы келушілер саны 3,7 млн адамды құрады.
Қазіргі таңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экологиялық соқпақ жұмыс істейді. Ұлттық парктерде визит-орталықтар ашылып, туристік маршруттар жаңартылып, табиғи ортаға бейімделген туристік инфрақұрылым дамытылуда.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар экологиялық мәдениетті дамытуға, табиғи ресурстарды сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. Эколог күні табиғатты қорғау ісіне үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін бағалаудың маңызды мүмкіндігі болып қала береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі