Қазақстанда отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген жас ғалымдар туралы баяндау жалғасуда, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Солардың бірі — PhD доктор Нұрбол Қалиасқаров. Ол Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша түлегі.
Нұрбол Балтабайұлы университеттегі еңбек жолын 2012 жылы бастап, инженер мен оқытушыдан кафедра меңгерушісі және декан орынбасарына дейінгі кәсіби жолдан өткен.
Қазіргі таңда ғалым телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласына мамандар даярлап келеді. Ол микроэлектроника, компьютерлік желілер, байланыс жүйелері, коммутация, маршруттау және модельдеу бағытындағы пәндерден дәріс оқиды.
Ғалым заманауи телекоммуникациялық технологиялар мен интеллектуалды мониторинг жүйелері саласындағы зерттеулерге ерекше көңіл бөледі. Қазір ол ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын бақылауға арналған таратылған сымсыз Wi-Fi жүйесін әзірлеу жобасын басқарып отыр.
Сонымен қатар Нұрбол Қалиасқаров талшықты-оптикалық өткізгіш арқылы энергия мен ақпарат параметрлерін бір мезгілде беруге арналған жетілдірілген жүйені әзірлеу жобасына қатысуда.
Зерттеу жұмыстары аясында нысандар мен құрылыстарды қашықтан бақылауға арналған энергия үнемдейтін сымсыз жүйе әзірленген. Жоба авторлық алгоритмдер мен энергия тұтынуды оңтайландыруға мүмкіндік беретін арнайы шешімдерге негізделген.
Министрлік мәліметінше, мұндай технологияларды енгізу ғимараттардағы апат қаупін азайтып, инфрақұрылым нысандарының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мониторингті автоматтандыру арқылы техникалық қызмет көрсету шығындарын қысқартуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, зерттеу нәтижелері IoT және құрылыс технологиялары саласындағы жаңа шешімдер мен стартаптардың дамуына жол ашуы мүмкін.
Министрлікте «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары аясында ғылым мен технологияның дамуына үлес қосып жүрген зерттеушілер туралы материалдар жариялау жалғасатынын атап өтті.
Источник: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі