Қазақстанда көмір өнеркәсібін дамыту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 115 млн тонна көмір өндірілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Оның 85 млн тоннасы ішкі нарық пен коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталса, 30 млн тоннасы экспортқа шығарылған.
Қазақстан көмірі Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия және өзге де елдерге экспортталады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы көмір өндіру көлемін 128,9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл салада 40 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, көмір өнеркәсібіне инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. 2025 жылы салаға тартылған инвестиция көлемі 305 млрд теңгені құраса, 2026 жылы шамамен 553 млрд теңге инвестиция тарту күтілуде.
Сондай-ақ елде геологиялық барлау жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл соңына дейін көмір кен орындары бойынша 10 жер қойнауы учаскесіне қатысты аукцион өткізу жоспарланған.
Министрлікте Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 10-орында тұрғанын еске салды. Елдегі жалпы көмір қоры 33,6 млрд тоннаға бағаланып отыр. Қазіргі өндіру көлемін ескерсек, бұл қор 300 жылдан астам уақытқа жетуі мүмкін.
Источник: