Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы әскери немесе геосаяси бірлестік емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Президент ТМҰ-ның бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде соңғы уақытта ұйымды әскери альянс ретінде көрсетуге тырысатын мәлімдемелер пайда болып жатқанын айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, мұндай алыпқашпа әңгімелер бауырлас елдердің арасына іріткі салуға бағытталған.
«Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба да, әскери ұйым да емес. Бұл — бауырлас мемлекеттердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірегей алаң», — деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ түркі әлемінің бірлігін нығайту Қазақстанның маңызды басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Сөз соңында мемлекет басшысы түркі елдері ынтымағын сақтап, ортақ мақсаттарға бірге ұмтылуы қажет екенін айтты.
Источник: Aqorda