Астанада V халықаралық Robotek Grand Tournament Astana 2026 робототехника чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл чемпионат алғаш рет Президенттің «TurkTime!» бастамасы аясында ұйымдастырылып, түркітілдес мемлекеттердің жас инженерлерін бір алаңға жинады. Турнирге Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстаннан келген командалар қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл жарыс чемпионат тарихындағы ең ауқымды турнир болды. Сайысқа 9–17 жас аралығындағы 220-ға жуық команда қатысқан. Оның ішінде 180-нен астамы қазақстандық, ал 40-тан астамы шетелдік командалар. Қазақстан атынан елдің 20 өңіріндегі облыстық кезеңдердің жеңімпаздары қатысты.
Robotek Grand Tournament Astana 2026 цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі ретінде өтті. Соңғы бес жыл ішінде чемпионат робототехника мен IT саласындағы танымал қазақстандық жобалардың біріне айналған.
Жарыстар тоғыз бағыт бойынша ұйымдастырылды. Турнир ережелері қазақстандық мамандар әзірлеген инженерлік шешімдер мен білім беру тәсілдеріне негізделген.
Чемпионат қорытындысы бойынша түрлі санаттарда 30 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. Қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар 18 команда арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
Жалпыкомандалық есепте басты «Ел кубогы» екінші жыл қатарынан Астанада қалды.
Сондай-ақ жеңімпаздарға серіктес жоғары оқу орындарының білім гранттары берілді. Олардың қатарында Қазақстан-Британ техникалық университеті, Energo University және Торайғыров университеті бар.
Турнирді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Астана қаласының әкімдігі, «Астана дарыны» орталығы, NU Impact Foundation және Robotek робототехника мектебімен бірлесіп ұйымдастырды.
Источник: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі