Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы геномдық технологияларды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Аризона геномика институтының директоры Род Винг және Kozybayev University Басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаевпен кездесіп, Қазақстандағы геномдық зерттеулерді дамыту бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында агрогеномиканы дамыту, ауыл шаруашылығына заманауи геномдық технологияларды енгізу және халықаралық ғылыми байланысты нығайту мәселелері қаралды. Тараптар климаттық өзгерістерге бейім, су ресурстарын аз қажет ететін, өнімділігі мен тағамдық құндылығы жоғары күріш пен бидайдың жаңа сұрыптарын шығару мәселесіне ерекше назар аударды.
Профессор Род Винг Қазақстандағы геномдық зерттеулерді дамытудың қысқа және ұзақ мерзімге арналған ұсыныстарын таныстырды. Оның ішінде күріш өсірілетін өңірлерде суды үнемдеуге мүмкіндік беретін кезектесіп суару және құрғату әдісін (Alternate Wet Drying, AWD) енгізу бастамасы айтылды.
Сонымен қатар кездесуде қазақстандық күріш пен бидай коллекцияларының генетикалық әртүрлілігін қайта секвенирлеу арқылы зерттеу, климатқа төзімді перспективалы сұрыптарды анықтау үшін ауқымды далалық фенотиптеу жұмыстарын жүргізу және генетика, өсімдік селекциясы, геномика, агрономия, ирригацияны басқару мен фитопатология бағыттары бойынша мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Профессор Род Вингтің пікірінше, бұл бастамалар алдағы уақытта Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Ал Kozybayev University ректоры Ербол Исақаев Аризона геномика институты және Аризона университетімен ынтымақтастықтың практикалық нәтижелерге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыстар жаңа буын мамандарын даярлаудан бастап селекция, азық-түлік қауіпсіздігі және тұрақты ауыл шаруашылығы салаларындағы қолданбалы жобаларды іске асыруға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Министрліктің мәліметінше, бұл бастамалар Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға және аграрлық секторға арналған заманауи геномдық платформаны дамытуға бағытталған кешенді стратегияның бір бөлігі болып саналады.
Источник: Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі