Қазақстан автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге қажетті жол битумына деген ішкі сұранысты толық көлемде қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Бұған Caspi Bitum зауытының өндірістік қуатын кеңейту жобасы нәтижесінде қол жеткізілді. Жаңғырту жұмыстарынан кейін кәсіпорындағы мұнай өңдеу көлемі жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайды. Соның нәтижесінде жол битумын өндіру көлемі жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артты.
Министрлік мәліметінше, бұл жоба мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылған алғашқы іс-шара болды.
Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты жылына 1,6 млн тоннаны құрайтын төрт зауыт жұмыс істейді. ҚР Көлік министрлігі мен КазАвтоЖол мәліметінше, 2026 жылы ішкі нарықтың қажеттілігі шамамен 1,1 млн тоннаны құрайды.
Осылайша, қолданыстағы өндірістік қуаттар елдегі жол битумына деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Caspi Bitum зауыты жол-құрылыс компанияларынан өтінімдер түскен жағдайда қажетті көлемде өнім өндіруге дайын.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қабылданған шаралар жол-құрылыс саласын отандық битуммен тұрақты қамтамасыз етуге және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Источник: Magnific.com