Қазақстанда жол-көлік оқиғалары санының өсуіне қарамастан, жарақаттар мен жол апаттарынан болатын өлім көрсеткіштері азайып келеді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарисов 2025 жылдың қорытындысы мен 2026 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша Денсаулық сақтау министріне берген есебі барысында мәлімдеді.
Орталықтың мәліметінше, өткен жылы елімізде жазатайым жағдайлар, уланулар мен жарақаттар салдарынан болатын өлім-жітім 8,5%-ға төмендеген. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болу көрсеткіші 7,8%-ға азайған. Соған қарамастан, елдегі жол апаттарының саны артып келеді. 2025 жылы Қазақстан бойынша 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Мамандардың айтуынша, негізгі басымдықтардың бірі – жарақаттанудың алдын алу. Осы мақсатта 2026–2030 жылдарға арналған жол-көлік оқиғалары салдарын төмендету жөніндегі ведомствоаралық жоспар іске асырылып жатыр. Оның аясында апат қаупі жоғары аймақтарды анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық карта әзірленуде.
Сонымен қатар өңірлік травматологиялық қызметті күшейту жұмыстары жалғасуда. Астана, Алматы және Балқаш қалаларында пилоттық травматологиялық орталықтар жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, еліміздің түрлі аймақтарында жаңа профильді бөлімшелер мен травмпункттер ашылуда.
Бүгінде академик Батпенов атындағы ҰҒТОО Орталық Азиядағы жоғары технологиялық ортопедиялық орталықтардың біріне айналды. 2025 жылы мұнда 10,7 мыңнан астам операция жасалып, роботтандырылған эндопротездеу, нейронавигация, 3D-импланттар мен жасушалық технологиялар қолданылған хирургиялық ем түрлері енгізілді.
Орталық медициналық туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Мамандардың сөзінше, Қазақстандағы ортопедиялық операциялардың бағасы бірқатар шетелдік клиникалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғанымен, медициналық қызмет сапасы халықаралық талаптарға сай.
2025 жылы орталық медициналық туризмді дамытуға арналған халықаралық форумға қатысып, оған 13 мемлекеттен делегаттар келген. Сонымен қатар қазақстандық дәрігерлер алғаш рет Өзбекстанда MAKO жүйесін пайдалана отырып роботтандырылған операциялар жүргізді.
Қазіргі уақытта Астанада ҰҒТОО-ның жаңа корпусын салу жұмыстары жалғасуда. Болашақта бұл нысан өңірдегі ең ірі мамандандырылған медициналық орталықтардың біріне айналмақ.
Источник: Magnific.com