Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғалымдары «ҰАҒБО» мекемесі құрамында жусан тозаңынан туындайтын аллергияны емдеуге арналған отандық иммунотерапиялық препараттың II кезең клиникалық зерттеулерін бастады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда маусымдық аллергияның жиі кездесетін түрлерінің бірі – жусан тозаңына аллергия. Отандық клиникалық-диагностикалық зертханалар дерегіне сәйкес, жусан тозаңына сезімталдық барлық тозаң аллергендерінің ішінде шамамен 30%-ды құрап, ең жоғары көрсеткішке ие. Бұл мәселе әсіресе Алматы қаласында өзекті, себебі аймақта жусанның гүлдеу маусымы шілдеден қарашаға дейін созылады. Осы кезеңде көптеген тұрғындар мұрын бітелуі, түшкіру, көзден жас ағу сияқты белгілерге тап болып, өмір сапасының төмендеуін сезінеді.
Қолданыстағы емдеу әдістері негізінен симптомдарды уақытша жеңілдетуге бағытталғанымен, аурудың түпкі себебіне толық әсер етпейді. Ал дәстүрлі аллерген-спецификалық иммунотерапия ұзақ мерзімді емді және препаратты бірнеше рет енгізуді қажет етеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында ғалымдар PollenVax атты отандық препаратты әзірледі. Препарат OtarBioPharm өндіріс алаңында халықаралық GMP стандарттарына сәйкес шығарылады.
Бұл препарат жусан тозаңы аллергенінің рекомбинантты ақуызы негізінде жасалған. Оның ерекшелігі – емдеу курсының қысқартылған форматта болуы: терапия аптасына бір рет жасалатын төрт теріасты инъекциясынан тұрады.
Алдыңғы кезеңде 30 еріктінің қатысуымен жүргізілген I кезең клиникалық зерттеу сәтті аяқталды. Нәтижесінде препараттың қауіпсіздігі расталып, оның жақсы көтерілетіні анықталды. Сонымен қатар аллергенге қарсы антиденелердің түзілуі және терілік тест нәтижелері бойынша сезімталдықтың төмендеуі сияқты оң иммунологиялық өзгерістер тіркелді.
Қазіргі уақытта II кезең клиникалық зерттеулерін жүргізуге ресми рұқсат берілді. Зерттеу 18 бен 65 жас аралығындағы, жусан тозаңына байланысты аллергиялық ринит диагнозы қойылған 138 пациенттің қатысуымен, рандомизацияланған, қос соқыр және плацебо-бақыланатын форматта өтеді. Зерттеу ұзақтығы 180 күнге дейін жалғасады.
Бұл жоба отандық биофармацевтика саласының дамуына серпін беретін маңызды қадам болып саналады және Қазақстан ғылымының инновациялық препараттар әзірлеудегі әлеуетін көрсетеді.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі