Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен FIDA USA Drone Soccer Championship халықаралық чемпионатында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Naizanews.kz. Калифорнияда ұйымдастырылған турнирге 17 елден 100-ден астам команда қатысты.
Қазақстан атынан бес команда өнер көрсетті — төртеуі Астанадан, біреуі Ақтөбеден. Жарыс қорытындысы бойынша оқушылар екі дисциплинада алтын медаль жеңіп алды.
Super Pilot санатында Астанадағы №8 мектептің оқушысы Амантай Арсен бірінші орын иеленді. Екінші орынды елордалық №82 мектептің оқушысы Хайралла Айсұлтан алды.
Drone Soccer Class 20 командалық дисциплинасында қазақстандық командалар барлық жүлделі орынды иеленді. Жеңімпаз атанған — Ақтөбедегі Kemel Bilim командасы. Екінші орынды Астанадағы №8 мектеп, үшінші орынды №82 мектеп иеленді.
Турнирге дайындық бір жылдан астам уақытқа созылғаны атап өтілді. Жарыс алдында оқушылар ұлттық іріктеуден және халықаралық келісу кезеңінен өтті.
Дрон-футбол — қатысушылар дрондарды басқарып, оларды қарсыластың сақинасынан өткізуге тырысатын технологиялық командалық спорт түрі. Ойындар 5-ке 5 форматында өтіп, жоғары дәлдік пен үйлесімділікті талап етеді.
Kazakhstan Drone Soccer Association ұйымы бұл нәтижені қазақстандық дрон-футбол тарихындағы ең ірі халықаралық жеңістердің бірі деп атады.
Источник: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі