Жетісу облысында газ және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы өңір тұрғындарымен кездесу барысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Naizanews.kz.
2026 жылы облыста газдандыру бойынша төрт жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде тағы төрт ауылдық елді мекендегі шамамен 10 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін өңірдің газдандыру деңгейі 68,6%-ға дейін өседі.
2027 жылы газ тағы тоғыз елді мекенге тартылып, 134 мың адам газбен қамтылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде облыстың газдандыру деңгейі 87,9%-ға жетеді.
Сонымен қатар «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС-ін жаңғырту және Талдықорған қаласында жылумен жабдықтау нысандарын салу жұмыстары жалғасуда.
Күзде қуаты 49 Гкал/сағ болатын жаңа қазандық пен қаланың оңтүстік-батыс тұрғын ауданындағы жылу желілерінің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Нәтижесінде «Болашақ», «Көктем», «Бірлік» және «Құлагер» шағынаудандарының шамамен 20 мың тұрғыны тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.
Источник: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі