Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жангир Абуов жеке су тұтынуды есептеуге арналған «Water Footprint» («Су ізі») платформасын әзірледі, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Жобаны Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітовпен өткен кездесуде таныстырып, бастама ведомство деңгейінде қолдау тапты. Нәтижесінде Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Платформа тұрмыстық және жанама су тұтынуды есептеп, оны үнемдеу бойынша ұсынымдар береді.
Жобаның бірлескен әзірлеушісі Әдият Шадияр «Тамшы» кейіпкері арқылы су үнемдеу қағидаттарын түсіндіретін бейнероликтер ұсынды.
Министрлікте мұндай бастамалар жастар арасында экологиялық ойлауды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі