Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасына екі жыл бұрын старт берілгенін еске салды. Оның айтуынша, жоба бүгінде миллиондаған азаматты біріктірген жалпыұлттық қозғалысқа айналды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Мемлекет басшысы қазақ қоғамында тазалық ұғымы әрдайым терең мәнге ие болғанын, оның адалдық, ар-ұждан және табиғатқа құрмет сияқты құндылықтармен байланысты екенін атап өтті.
Президент акция қатысушыларына, әсіресе жастарға алғыс білдіріп, олардың жобаның негізгі қозғаушы күші екенін және жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп отырғанын айтты.
Оның сөзінше, бастаманың басты мақсаты — табиғатты қорғау, тәртіпті сақтау және саналы ұрпақ қалыптастыру.
Тоқаевтың мәліметінше, өткен жылы елде 1200-ге жуық экологиялық іс-шара өтіп, 1 млн гектардан астам аумақ тазартылып, 4 млн-ға жуық көшет отырғызылған. Бұл жұмыстарға шамамен 800 мың ерікті қатысқан.
Президент экология мәселелері бүгінде ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін атап өтіп, мемлекет, ғылым, бизнес және қоғамның бірлескен әрекеті қажет екенін айтты.
Источник: Aqorda