Қазақстанда астықтан алынатын биоэтанол қосылған БИ-95 отынының өнеркәсіптік өндірісі іске қосылды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Жобаны KazFoodProducts холдингі жүзеге асыруда: биоэтанол Солтүстік Қазақстан облысындағы BioOperations кәсіпорнында өндіріледі, ал BioPetrolCompany базасында дайын мотор отыны шығарылады. Бұл — ауыл шаруашылығы шикізатын толық циклмен өңдеп, отын нарығына шығарудың елдегі алғашқы үлгісі.
БИ-95 құрамында 5–10% биоэтанол бар. Мұндай бензин стандартты сипаттамаларын сақтап, октан санын төмендетпейді және кәдімгі бензин қозғалтқыштарында еш өзгеріссіз қолданыла береді.
Әзірлеушілердің мәліметінше, биоэтанол қолдану ұсақ бөлшектердің шығарындыларын 70%-дан астамға, азот оксидтерін 25%-ға, ал парниктік газдарды 60–70%-ға дейін азайтады.
Жоба астықты терең өңдеуді дамытуға және экологиялық жүктемені төмендетуге бағытталған. Компания өкілдері БИ-95 өндірісін іске қосу ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және энергетиканы біріктіретін тұрақты модель қалыптастырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Отын бөлшек саудаға шығарылды.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі