Астанада ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға арналған республикалық кеңес өтті, деп хабарлайды NAIZA NEWS ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. Қатысушылар кооперативтердің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа заң жобасын талқылады.
Ведомство мәліметінше, соңғы бес жылда тіркелген кооперативтер саны 53%-ға өсіп, шамамен 4,5 мыңға жеткен. Сонымен қатар өндіріс көлемі мен мал басы да артқан.
Кооперацияны дамыту ауыл халқының табысын арттыру мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралы ретінде қарастырылуда. Елде 1,6 млн-ға жуық жеке қосалқы шаруашылық бар, олар сүт пен еттің елеулі бөлігін өндіреді.
Басым бағыттардың бірі — «якорлық» модельді енгізу. Бұл тәсілде қайта өңдеушілер өнімді тұрақты өткізуге жағдай жасайды, ал кооперативтер өндірушілерді біріктіреді.
Талқылау қорытындысы бойынша ұсыныстар қалыптастырылып, олар жаңа заң жобасын әзірлеу барысында ескерілетін болады.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі