ҚР Көлік министрлігі жолаушыларды тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды NAIZA NEWS. Құжат мүгедектігі бар адамдар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және көлік жүйесіне қойылатын талаптарды жаңартуға бағытталған.
Инватакси қызметі бойынша оны ұсыну негіздерін нақтылау ұсынылады. Ол үшін медициналық көрсеткіштердің жеке тізімі енгізіледі, бұл көмек алушыларды анықтаудың бірыңғай тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әкімдіктердің өкілеттігі кеңейтіледі — олар халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, сапар ұзақтығын өз бетінше реттей алады. 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарды жеке көмекшілермен сүйемелдеу мүмкіндігі де қарастырылған.
Өзгерістер жалпы тасымалдау қағидаларына да қатысты: автобустарда балалар арбаларын алып жүру шарттары және маршруттық көрсеткіштерді рәсімдеу талаптары нақтыланады.
Қосымша ретінде тасымалдаушыларды бағалаудың жаңа критерийлері енгізіледі. Басымдық экологиялық көлік түрлерін, соның ішінде электробустар мен гибридті модельдерді қолдануға беріледі.
Бұйрық жобасы 2026 жылғы 8 сәуірде «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
Источник: Freepik