Қазақстандық ғалымдар жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеудің жаңа технологиясын таныстырды, деп хабарлайды NAIZA NEWS ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. Әзірлеме табиғи шырындар, тосаптар мен пюре өндірісіне бағытталған.
Қазіргі таңда шамамен 3,5 млн тонна өнім өндірілсе, оның тек 5%-ы ғана өңделеді, ал сақтау кезіндегі шығын 30%-дан асады. Соның салдарынан нарықтағы өнімнің едәуір бөлігі импортқа тиесілі.
Жаңа технология жергілікті шикізатты терең өңдеуге және пайдалы заттарды сақтауға негізделген. Оның құрамында қызылша, сәбіз және алма шырындарының қоспасы мен пектин бар, бұл өнімнің тағамдық құндылығын арттырады.
Әзірлеушілер технологиялық процестерді оңтайландыру арқылы өндірістегі шығынды азайтып, өнім сапасын жақсартуға қол жеткізген. Алынған өнімдер профилактикалық қасиеттерге ие.
Технологияны енгізу ішкі өңдеуді дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және дұрыс тамақтану өнімдері нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Источник: Freepik