Қазақстанда су тасқыны кезеңі қарсаңында барлық төтенше қызметтер күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеуде. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде хабарланды.
ТЖМ мәліметінше, 821 су тасқынына қарсы іс-шараның 760-ы жүзеге асырылған. Өңірлерде 831 км бөгет салынды, 1100 км-ден астам дренаж жүйелері жаңартылды және 934 су өткізу құрылысы орнатылды. 234 елді мекеннің қорғалу деңгейі артты.
Жағдайды бағалау үшін 17 әуеден шолу жүргізілді, 5 млн текше метрден астам қар шығарылды. Жанар-жағармай, инертті материалдар мен қаптар дайындалды. Өзендерде 106 учаскеде жару жұмыстары жүргізілді, су басу қаупін модельдеу жалғасуда.
Қауіп деңгейі жоғары аймақтарға Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы кіреді. 1 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істейтін су тасқынына қарсы штаб іске қосылды. Оған 39 мыңнан астам адам мен 12 мың техника жұмылдырылған.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі