Жыл басынан бері Астана мен Алматы тұрғындары агрегаторлар арқылы инватакси қызметіне 77,2 мың рет тапсырыс берген. Оның ішінде тек ақпан айында 38,6 мың сапар рәсімделген. Жоба Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен пилоттық форматта жүзеге асырылуда.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметін 489,8 мың рет пайдаланған. Жаңа тетік қызметтің қолжетімділігі мен көрсетілу жылдамдығын арттыру мақсатында енгізілген.
Бұған дейін инватакси шақыру үшін азаматтар сапардан бір күн бұрын телефон арқылы алдын ала жазылуы керек болатын, бұл көптеген қолайсыздықтар туғызды. Сонымен қатар, бірқатар өңірде арнайы жабдықталған көліктердің тапшылығы сезілді.
Пилоттық жоба аясында қызмет көрсетуге такси агрегаторлары тартылды. Яндекс компаниясы жобаға өтеусіз негізде, яғни сапарлар үшін комиссия алмай қатысуға келісім берді.
Енді пайдаланушылар инватаксиді Яндекс Go қосымшасы арқылы шақыра алады. Қызмет көлікті жылдам таңдауға, сапар мәртебесін онлайн бақылауға және жолаушылардың ерекше қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Қосымшада сапарға қатысты тілектерді алдын ала көрсетуге болатын арнайы мүмкіндіктер экраны да қарастырылған.
Жоба пилоттық режимде Астана мен Алматы қалаларында іске асырылуын жалғастыруда.
Источник: Freepik