Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының семіздікпен күрес жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын іске асыруға арналған миссиясы басталды. Жұмыс қорытындысы бойынша артық салмақтың алдын алу мен емдеудің заманауи әдістерін бастапқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіне енгізуге бағытталған ұлттық «жол картасын» әзірлеу жоспарланып отыр.
STEPS-2024 зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ересек халықтың 58%-ында артық салмақ бар, ал азаматтардың 22,4%-ында семіздіктің клиникалық түрі анықталған. Балалар арасында да жағдай алаңдатарлық: COSI зерттеуінің мәліметінше, 6–9 жас аралығындағы балалардың 20,6%-ында артық салмақ, ал 6,6%-ында семіздік тіркелген.
Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова семіздікпен күрес кешенді тәсілді және мемлекет пен халықаралық серіктестердің үйлесімді іс-қимылын талап ететінін атап өтті.
Бірлескен жұмыс аясында салауатты тамақтану ортасын қалыптастыруға бағытталған шараларды енгізу жоспарланып отыр. Қарастырылып жатқан бастамалардың қатарында қант қосылған сусындарға салық енгізу, балаларға бағытталған зиянды өнімдердің маркетингін шектеу, сондай-ақ тұтынушыларды ақпараттандыру үшін өнімдердің алдыңғы жағында арнайы таңбалау жүйесін енгізу бар.
Сонымен қатар бастапқы медициналық-санитариялық көмек жүйесі жаңғыртылады: жалпы практика дәрігерлері семіздік қаупін ерте анықтау және пациенттерді кешенді сүйемелдеу әдістері бойынша оқытылады.
Миссия қорытындысы бойынша нақты іске асыру мерзімдері көрсетілген ұлттық «жол картасы» бекітіледі. Жоспарды 2030 жылға дейін жүзеге асыру семіздіктің таралу деңгейін төмендетуге және аурулардың алдын алу жүйесін күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Источник: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі