Торайғыров университетінде жасанды интеллект зертханасы ашылды

Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
- Павлодар қаласында Торайғыров университетінің базасында AI-Laboratory жасанды интеллект зертханасы ашылды. Университеттің ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапары барысында танысты.
-
- Жаңа зертхана студенттердің цифрлық шешімдер әзірлеуі мен IT-жобаларын іске асыруға арналған алаң болмақ. Мұнда машиналық оқыту, деректерді талдау, компьютерлік көру, автоматтандыру және интеллектуалды жүйелер құру бағыттары бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған.
-
- Құрылған инфрақұрылым білім беру үдерісін практикалық жобалармен ұштастыруға, студенттердің цифрлық дағдыларын дамытуға және стартап-бастамаларды іске қосуға мүмкіндік береді. Зертхананың ашылуы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтті.
-
- Сапар барысында министр университеттің инженерлік зертханаларымен де танысты. Студенттерге сандық бағдарламалық басқаруы бар жабдықтармен жаңартылған машина жасау кафедрасының алаңдары, сондай-ақ гидрометаллургия, сутектік қалпына келтіру және 3D-модельдеу салаларында зерттеулер жүргізілетін металлургия зертханалары көрсетілді.
-
- «Бүгінде қоғамның нағыз батырлары ғалымдар болуы тиіс. Дәл солар жаңа білім қалыптастырып, елдің технологиялық болашағын айқындайды және оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Ғылымды дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және озық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу – Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі шарттары», — деді министр.