Shell Ақтөбе облысындағы «Жанатурмыс» учаскесінде мұнай мен газды барлаумен айналысады

Источник: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі
- Қазақстанның Энергетика министрлігі мен «Шелл Қазақстан» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Жанатурмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімшартқа қол қойды. Құжатқа ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен «Шелл» концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрайымы Сюзанн Куган қол қойды.
-
- Келісімшарт сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуді, геологиялық деректер жинауды және кен орнының перспективаларын техникалық тұрғыда бағалауды көздейді. Барлық жұмыстар қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес және қажетті рұқсаттар алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
-
- «Бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және тұрақты экономикалық өсімді ынталандыру мақсатында көмірсутек ресурстарының ұзақ мерзімді базасын қалыптастыруға ықпал етеді», — деді Ерлан Ақбаров.
-
- Сюзанн Куганның айтуынша, келісімшартқа қол қойылуы компанияның Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бейілділігін растайды.
-
- «Біздің жаһандық тәжірибеміз бен озық технологияларымызға сүйене отырып, біз елдің геологиялық барлау жұмыстары мен ресурс базасын кеңейтуге әрі қарай да үлес қоса береміз», — деді ол.
-
- Аумағы 1 377 шаршы шақырым болатын «Жанатурмыс» учаскесі елдегі перспективалы мұнай-газ бассейндерінің бірінде орналасқан. Жұмыс бағдарламасы 3D-сейсмикалық барлау жүргізуді және терең барлау ұңғымасын бұрғылауды қарастырады.
-
- Келісімшарттың мерзімі 2032 жылға дейін белгіленген. Сонымен қатар келісім аясында «Шелл» компаниясы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жобаларды дамытуға кемінде 100 млн теңге бағыттайды.
-
- Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған 321 келісімшарт қолданыста.