Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰДБ агросектордың тұрақты дамуы бойынша жаңа жобаларды талқылады

Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
- Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Елдік бағдарламаны іске асыру аясындағы әрі агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
-
- Айдарбек Сапаров министрлік пен БҰҰДБ арасындағы әріптестік жүйелі сипатқа ие екенін және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
-
- «Біз үшін Елдік бағдарламаның басымдықтары айқындалған кезде ұлттық стратегиялық бағдарлар мен тұрақты даму міндеттерінің ескерілетіні маңызды. Біз бұл құжатты серіктестікті нығайтудың және экономикалық өсімге, экологиялық тепе-теңдікке әрі елдің әлеуметтік дамуына ықпал ететін бағыттарда бірлескен күш-жігерді шоғырландырудың тиімді құралы ретінде қарастырамыз», — деді министр.
-
- Өз кезегінде Катаржина Вавьерниа Қазақстанның аграрлық саласының тұрақты даму қарқынын атап өтіп, табиғи ресурстарды сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
-
- «Қазақстан аграрлық секторды стратегиялық тұрғыда дамытып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау тетіктері жердің өнімділігін сақтауға және саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығына ықпал етуі маңызды», — деді ол.
-
- Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰДБ бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан экожүйелерін сақтау және тұрақты ауыл шаруашылығы тәжірибелерін дамыту жобасы, сондай-ақ АӨК-ті әртараптандыруды қолдау бар. Атап айтқанда, Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығы бұршақ тұқымдас дақылдар мен көпжылдық шөптердің тұқым шаруашылығын дамытуға арналған техникамен жабдықталуда. Сонымен қатар «Азық-түлік корпорациясымен» бірлесіп бұршақ тұқымдас дақылдарды ұзақ мерзімді форвардтық сатып алу тетігі жалғасуда.
-
- Тараптар сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі теңіз және жағалаудағы ресурстарды кешенді басқару жобасына ерекше назар аударды. Жоба биоалуантүрлілікті сақтау мен жағалау аймақтарының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.