Қазақстан PDAC-2026 конференциясында тау-кен металлургия кешенінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
- Қазақстан делегациясы, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның жетекшілігімен, Канадада өткен тау-кен саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық конференция — PDAC-2026-ға қатысты.
-
- Форум аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстанның тау-кен палатасы және Aurora Minerals Group Limited компаниясы Қазақстанның Канададағы Елшілігінің қолдауымен геологиялық барлау саласындағы елдің инвестициялық әлеуетіне арналған Kazakhstan Day арнайы сессиясын өткізді. Іс-шараға Zijin Mining Group, B2Gold, First Quantum Minerals, Hatch, Arras Minerals және Xcalibur Smart Mapping сияқты ірі халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты.
-
- Kazakhstan Day барысында сөз сөйлеген Иран Шархан Қазақстан Үкіметі ел аумағының геологиялық зерттелу деңгейін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, алдағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 500 млн АҚШ доллары бағыттау жоспарланып отыр. Бұл — мемлекет өткен ондаған жылда осы салаға салған инвестиция көлемінен де көп.
-
- Конференция барысында қатысушыларға 2024–2025 жылдары анықталған жаңа геологиялық ашылымдар мен шетелдік серіктестермен табысты ынтымақтастық мысалдары таныстырылды. Сонымен қатар, қазақстандық делегация канадалық және халықаралық компаниялар өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, критикалық минералдар саласындағы жобаларды, барлаудың заманауи технологияларын енгізу және минералдық шикізатты өңдеуді дамыту мәселелерін талқылады.
-
- Қазақстанның PDAC-2026 конференциясына қатысуы елдің ресурстық әлеуетіне халықаралық инвесторлардың жоғары қызығушылығын және тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін көрсетті.