Шымкентте спорттық бағдарламалау чемпионатында 3 млн теңге ұтысқа қойылады

Источник: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
- Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында Шымкентте Central Asia Programming Championship 2026 халықаралық турнирі өтеді. Бұл — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан 20 жастан асқан қатысушыларға арналған ірі спорттық бағдарламалау жарысы.
-
- Онлайн іріктеу кезеңі 28 ақпанда, ал финал 27 наурызда офлайн форматта өтеді. Шешуші кезеңде әр елден үш үздік қатысушы және ұлттық квотадан тыс ең жоғары нәтиже көрсеткен 25 бағдарламашы бақ сынайды. Жарыс жеке форматта, ICPC стиліндегі халықаралық деңгейдегі тапсырмалар бойынша ұйымдастырылады.
-
- Жүлде қоры — 3 млн теңге: бірінші орынға 1,5 млн, екінші орынға 1 млн, үшінші орынға 500 мың теңге беріледі. Қатысу тегін, финалистердің жол шығындары (100 мың теңгеге дейін) мен тұруы өтеледі.
-
- «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мұндай бастамалар ерекше маңызға ие. Central Asia Programming Championship тек жарыс емес, жаңа инженерлік ортаны қалыптастыру, өңірлік ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азиядағы IT-дарынды ашу алаңы болып отыр», — деді Премьер-Министрдің орынбасары — цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев.
-
- Ұйымдастырушылар — Alem.ai Foundation, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы және Astana Hub, Higgsfield.ai мен AGI Lab қолдауымен.