Президент Тоқаев жетекші америкалық компаниялардың басшыларымен кездесті

Дерек көзі: Aqorda
- АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ірі америкалық корпорациялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізіп, инвестициялар, инфрақұрылым, авиация, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылады.
-
- U.S. International Development Finance Corporation (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкпен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды. Бен Блэк Президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді серіктестікті нығайтуға басымдық беретінін атап өтіп, тау-кен саласы мен көлік инфрақұрылымындағы жобалардың әлеуетіне тоқталды.
-
- Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккимен АҚШ-қа тікелей рейстер ашу үшін Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын жеткізу жоспарлары талқыланды. Сонымен қатар, SCAT компаниясы корпорациямен серіктестікте Шымкентте техникалық қызмет көрсету орталығын ашу мүмкіндігін зерделеуде.
-
- Ashmore Group бас директоры Марк Кумбспен кездесуде Ashmore Healthcare International және «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-мен әріптестікте, Mount Sinai Health System қатысуымен халықаралық клиника салу мәселесі талқыланды. Президент Үкіметтің жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
-
- Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады. Президент шамамен 180 млн доллар көлеміндегі инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптады. Алатауда үй жануарларына арналған жем өндіретін зауыт салынады, бұл агрошикізатты терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді.