Астанада World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден Әлем кубогының кезеңі басталды. Халықаралық жарыс 15–17 қазан аралығында «Барыс Арена» спорт кешенінің бассейнінде өтеді. Қазақстан мұндай деңгейдегі турнирді алғаш рет қабылдап отыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz Qazaq Aquatics ұйымына сілтеме жасап.
Елордаға әлемнің 39 елінен 300-ден астам жүзуші келді. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және қазіргі әлем рекордшылары бар. Спортшылар медальдар, рейтингтік ұпайлар мен ақшалай жүлделер үшін сынға түседі.
Қазақстан атынан ұлттық құраманың 22 спортшысы қатысады. Олардың арасында Әділбек Мусин, Софья Сподаренко, Аделаида Пчелинцева, Айбат Мырзамұратов және басқа да жүзушілер бар.
Жарыс бағдарламасына 34 жеке сайыс енгізілген. Оның 17-сі ерлер, 17-сі әйелдер арасында өтеді. Бұдан бөлек, ерлер, әйелдер және аралас командалар арасындағы эстафеталар ұйымдастырылады. Спортшылар ұзындығы 25 метрлік бассейнде бақ сынайды.
Астанадағы жарыс үш қаланы қамтыған Silk Road Tour халықаралық сериясын қорытындылайды. Бұған дейін Әлем кубогының алғашқы кезеңі 1–3 қазанда Бакуде, екінші кезеңі 8–10 қазанда Ташкентте өткен болатын.
Үш кезеңнен тұратын серияның жалпы жүлде қоры 1,2 миллион долларды құрайды. Бұл сомаға әлемдік рекордтар мен басқа да жетістіктер үшін берілетін қосымша сыйақылар кірмейді.
Астанадағы жарысты Qazaq Aquatics ұйымдастырады. Федерацияның бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, ал серіктесі — «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры.
Источник: Zakon.kz