Қазақстандық екі спортшы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Әлем чемпиондары атанған Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов әртүрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Айбек Айтбеков 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын жүлдеге ие болды. Ол финалда Әзербайжан өкілі, U23 санатындағы әлемнің сол кездегі чемпионы Эльмир Алиевті жеңді.
Шешуші белдесуге дейін қазақстандық балуан ресейлік Алибек Амировтан, жапониялық Сэйму Токухарадан және украиналық Евгений Поковбадан басым түсті.
Айта кетейік, Айбек Айтбеков бұған дейін 2026 жылғы U23 Азия чемпионатында да топ жарған болатын.
Қазақстан қоржынына екінші алтын медальді Юсуф Ашрапов салды. Ол 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Финалда қазақстандық спортшы Армения өкілі Гаспар Тертерянмен кездесіп, қарсыласын жеңді. Осылайша, Ашрапов 23 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионы атанды.
Нәтижесінде Қазақстанның екі өкілі де финалдық белдесулерде жеңіске жетіп, ұлттық құраманың қоржынына екі алтын жүлде қосты.
Источник: ҚР Туризм және спорт министрлігі