Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия королі Филипп бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған бірлескен брифингте сөз сөйледі, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз сөзінде король Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапарының маңызын тағы да атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл оқиға екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашып, Қазақстан мен Бельгия халықтарының достығын нығайта түседі.
«Аса мәртебелі Король, Сіздің парасатты әрі батыл басшылығыңыздың арқасында Бельгия өзінің бірегей саналуандығын сақтаған әрі әлемге ашық ел ретінде белгілі болып отыр. Халқыңызға адалдығыңыз бен Бельгиядағы түрлі қауым арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ынтымаққа бастар рөлін айқындайды. Осы күрделі кезеңде адами қадір-қасиеті биік, перзенттік парыздың парқын сезінетін тұлға екеніңізді көрсеттіңіз. Бұл ерекше сенім ұялатады әрі зор құрметке лайық. Ұзақ жылдар бойғы достығыңызға және Қазақстанмен байланыстарды нығайту ниетіңізге ризамын. Бүгін осы ықпалдастықты тереңдетуге бірлесе үлес қосатынымызға қуаныштымын. Сіздің күш-жігеріңіз бен қолдауыңыздың арқасында ынтымақтастығымыздың келешегіне үлкен үмітпен әрі сеніммен қараймыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің нәтижелеріне де тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, кездесу ашық, достық әрі сындарлы жағдайда өтіп, нәтижелі болған.
Тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Келіссөз барысында экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастық және түрлі салалардағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері назарға алынды.
«Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы көпжақты серіктестікті күшейтуге бейіл екенімізді растадық. Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Сіздің елдің 2005 жылдан бері экономикамызға құйған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты. Көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында ықпалдастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаластық. Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компания өкілдері қатысуда. Бұл Бельгияның еліміздің экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді. Үкімет тарапынан Бельгия инвесторларының Қазақстанда қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа перспективті жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Оның толық әрі уақтылы орындалуын өзім қадағалап отырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөз қорытындысында екі ел көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары бағыттарындағы ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты.
Президент мемлекеттік сапарға Бельгияның жетекші компаниялары өкілдерінің қатысуына да назар аударды. Мемлекет басшысы Үкімет бельгиялық инвесторлардың Қазақстандағы қызметін кеңейтуіне және жаңа перспективті жобаларды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауды жалғастыратынын жеткізді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бірлескен іс-шаралар туралы айтты. Келесі күнге Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі, Ректорлар форумы және аса маңызды материалдар бойынша дөңгелек үстел жоспарланған.
Бұл іс-шаралар ортақ бастамаларды нақты нәтижеге айналдыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Олардың қорытындысында екіжақты серіктестікті дамытуға серпін беретін ондаған келісім мен құжатқа қол қою көзделіп отыр.
Источник: Ақорда