Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ерасыл Айдарбек NauanX командасының құрамында Ыстанбұлда өткен Empower Me халықаралық байқауында екінші орын иеленді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ол мектеп түлектері Жұлдызай Мұңайтбасова, Арайлым Әшірмет және Раушан Тұрғанбаймен бірге инсульт алған науқастарды оңалтуға арналған арнайы құрылғылар кешенін таныстырды.
Жобаны әзірлеу идеясы Ерасылдың жақын танысы инсульт алғаннан кейін пайда болған. Оқушының айтуынша, танысы аман қалғанымен, оңалу кезеңі ауыр өткен. Оған бірсарынды жаттығуларды қайта-қайта орындауға тура келген. Ал дәрігерлер ұсынған АҚШ-та шығарылған роботтандырылған оңалту құрылғысының бағасы тым жоғары болған. Тіпті қарапайым механикалық қолғаптың өзі 1700 доллар тұрған.
Осы жағдайдан кейін Ерасыл қолжетімді балама жасауды ойластырған. Нәтижесінде команда бірнеше айдың ішінде оңалту кешенінің алғашқы жұмыс істейтін үлгісін әзірледі.
Кешен бейнеойындармен байланыстырылған үш құрылғыдан тұрады. Олардың әрқайсысы белгілі бір қимылдарды жаттықтыруға арналған.
Remotion құрылғысы қолдың ұсақ моторикасын дамытуға және қимыл дәлдігін арттыруға көмектеседі. Ал R-Expander білек бұлшықеттерін жаттықтыруға бағытталған. Жаттығу кезінде науқас арнайы тұтқаны қысып, ойын ішіндегі нысандарға оқ атады және білегінің еңкеюін бақылайды.
Үшінші құрылғы Resound музыкалық жаттықтырғыш ретінде қолданылады. Бас бармақтан басқа әр саусақ белгілі бір нотаға сәйкес келеді. Науқас қарапайым нота жазбасына қарап әуен ойнайды. Осылайша саусақтардың жеке қимылдарын, қозғалыс үйлесімділігін және когнитивтік функцияларын жаттықтырады.
Ерасыл Айдарбек келтірген әлемдік статистикаға сәйкес, 94 миллионнан астам адам инсульттің салдарымен өмір сүріп жатыр. Оңалту кезеңінде көптеген науқас қайталана беретін дене жаттығуларының салдарынан енжарлық пен депрессияға тап болады.
Сондықтан команда оңалту процесін ойын түрінде ұйымдастыруды шешкен. Жас өнертапқыштар бұл тәсіл жаттығуларға деген қызығушылықты арттырып, науқастардың көңіл күйіне оң әсер етеді деп есептейді.
Әзірлеушілер сегіз апта бойы науқастар тобымен сынақ жүргізген. Ерасыл ұсынған электромиография (EMG/RMS) деректері қатысушылардың бұлшықет белсенділігі артқанын көрсеткен. Сонымен қатар науқастар ойын форматындағы жаттығуларға ынтамен қатысып, көңіл күйлерінің жақсарғанын айтқан.
Халықаралық байқауда команда 5000 доллар көлемінде ақшалай жүлде алды. Бұл қаражат құрылғыны одан әрі жетілдіруге жұмсалмақ.
Ерасылдың айтуынша, әзірлеушілер кешеннің алғашқы нұсқасын медицина мамандарының кеңесімен және бақылауымен жетілдіруді жоспарлап отыр. Олардың мақсаты — құрылғыны нақты емдеу талаптарына бейімдеу.
Команда патент пен авторлық құқықтарды рәсімдеп қойған. Қазір медициналық лицензиялаудың қымбат рәсімінен өтуге қажетті құжаттарды дайындауға кіріскен.
Жас өнертапқыштар болашақта көпшілікке қолжетімді толыққанды коммерциялық өнім шығаруды көздейді. Олар кешеннің Қазақстандағы және шетелдегі оңалту орталықтарында, мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда қолданылып, мыңдаған адамның инсульттен кейін қалыпты өмірге оралуына көмектескенін қалайды.
Дерек көзі: Ерасыл Айдарбековтің жеке мұрағатынан