Қазақстанда оқушылардың денсаулығын нығайтуға бағытталған «Саламатты мектеп» бастамасын дамыту жұмыстары жалғасуда. Ендігі басымдық профилактикалық іс-шаралардың санына емес, білім беру ұйымдарындағы нақты өзгерістерге беріледі, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бастаманы іске асырудың жаңа тәсілдері Астанада өткен «Саламатты мектеп» бірінші республикалық форумында талқыланды. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен 2000-нан астам адам қатысты. Форумда балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуды мектептің күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналдыру мәселелері қаралды.
Ведомство мәліметінше, бүгінде бастама еліміздегі 8048 жалпы білім беретін мектептің 6349-ын қамтиды. Бұл барлық мектептің 78,9%-ын құрайды. Бастама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» тәсілдеріне сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Алдағы кезеңде мектептердің бастамаға қатысуымен ғана шектелмей, олардың ішіндегі жағдайды сапалы өзгертуге басымдық беріледі.
Атап айтқанда, оқушылардың дұрыс тамақтануына, дене белсенділігіне, медициналық және психологиялық көмек алуына қолайлы жағдай жасау көзделген. Сонымен қатар санитариялық қауіпсіздік пен аурулардың алдын алу шараларына назар аударылады.
Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту жөніндегі «Саламатты мектеп» іс-шаралар жоспары бекітілді.
Барлық өңірде тиісті жоспарлар мен үйлестірушілер айқындалды. Сондай-ақ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Сараптамалық кеңесі бекіткен бастаманы іске асырудың бірыңғай алгоритмі енгізілді.
Басты бағыттардың бірі – мектептегі тамақтану сапасын жақсарту. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың жаңартылған стандарттары қолданылады.
Ендігі міндет – аталған талаптардың мектептерде орындалуын қамтамасыз ету. Бұл үшін азық-түлік сапасын, ас мәзірінің құрамын, буфеттерде сатылатын өнімдердің түрлерін және тегін ауыз судың қолжетімділігін бақылау маңызды.
Бұдан бөлек, оқушыларға медициналық және психологиялық көмек көрсету жүйесіне көңіл бөлінеді. Жаңа тәсіл бойынша ауруды немесе денсаулыққа қатысты өзге мәселені анықтау жұмыстың аяқталғанын білдірмейді. Одан кейін де қажетті көмек көрсетілуі тиіс.
Бастаманы жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың міндеттері нақтыланған. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сүйемелдеуге және аурулардың алдын алуда дәлелді тәсілдерді қолдануға жауап береді.
Ал Оқу-ағарту министрлігі балалардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Өңірлер жұмысты үйлестіру мен қажетті ресурстарды қамтамасыз етуге жауапты.
Бастаманың цифрлық бағыты да дамып келеді. 2026 жылы HPS порталы кешенді жаңғыртудан өтті. Бұл қатысушылар санын есепке алумен шектелмей, мектеп ортасының жағдайын бағалауға және нақты өзгерістерді жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Саламатты мектеп» бастамасының нәтижесі мектептерде жасалған жағдайлар арқылы бағаланбақ. Негізгі назар дұрыс тамақтанудың қолжетімділігіне, дене белсенділігіне, медициналық және психологиялық қолдауға, сондай-ақ оқушылардың пайдалы әдеттерін қалыптастыруға аударылады.
Бірінші республикалық форумның қорытындысында қатысушылар ведомствоаралық модельді одан әрі дамытуға бағытталған қарар қабылдады.
Құжат 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік органдардың, өңірлердің, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, кәсіби және сарапшылық қоғамдастықтың, сондай-ақ халықаралық серіктестердің бірлескен жұмысын үйлестіруге негіз болады.
Источник: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі